SABAQ.ONLINE

Ауыл квотасы деген не?

Редакция
Редакция
SABAQ.ONLINE

Оқуға түскен түлектерден «Ауылдық квотамен грантқа түстім» деген сөзді естіген шығарсыңдар. Иә, осы квотаның түрі арқылы мемлекеттік грантта оқуға болады.

Ауыл квотасы – ауылда оқыған балаларға мамандық бойынша бекітілген конкурс. Барлық талапкерлер грантқа құжат тапсырады. Гранттардың 70 пайызы жалпы конкурс бойынша беріледі, жалпы конкурсқа қалалық та, ауылдық жас та қатыса алады. Ал қалған 30 пайыз грант тек ауыл балаларына арналған. 

Талапкерде квота болған күннің өзінде ол ең алдымен жалпы конкурсқа қатысады, бұл конкурстан өте алмай қалған жағдайда ғана квота бойынша тартысқа түседі. Яғни, ауыл квотасына балл қосылмайды, тек конкурс кезінде қала жастарына қарағанда басымдылық беріледі.  Екі жағдайда да ҰБТ-дан жинаған балл шешуші фактор болатынын ұмытпаған жөн.

Ал енді ауыл квотасы барлық мамандыққа бөліне ме? Әрине, жоқ. Квотаның аты айтып тұрғандай, тек ауылда бар мамандықтарға бөлінген. Егер, ауыл квотасы бойынша мемлекеттік грантқа түссеңіз, міндетті түрде диплом алғаннан кейін ауылға барып, 3 жыл еңбек ету қажет.

Ал, енді, түсінікті болу үшін мысал келтірейік. Жандос ҰБТ-дан 104 балл алды. Ол ветеринар мамандығын таңдаған. Осы мамандық бойынша жоғары оқу орнына грант конкурсына қатысуда. Мысал ретінде, ветеринария мамандығы бойынша мемлекеттік 120 грант(мысал) бөлінді делік. 120 гранттың 70 пайызы барлық талапкерлерге бөлінген, яғни 84 грант. Жандос сол 84 грантқа іліге алмады. Бірақ, ол қалған 36 гранттың біреуіне ілікті. Яғни, ол ауыл квотасы бойынша оқуға түсті. Жандос университетте 4 жыл оқып, диплом алды. Енді, ол тиісінше, 3 жыл ауылға барып, ветеринар болып жұмыс жасайды. Ал 3 жылдан кейін қайда барғысы келеді, өз еркі.

Қате

Қандай қате таптыңыз?

Қандай сұрақ қойғыңыз келеді ?

Cіздің қойған сұрағыңызға мұғалім аптаның аяғына жоспарланған тікелей эфирде жауап береді