Кайдзен - басқарудың негізгі концепцияларының бірі, ол барлық өндірістік процестерді үздіксіз жетілдіруге негізделген. Қарапайым тілмен айтсақ, кайдзеннің негізгі мақсаты – азғантай қадамдармен үлкен белестерді бағыныдыру. Бұл үздік нәтижелерге жету үшін үлкен жаңалықтар емес, баяулап, біртіндеп, күнделікті жұмыс жасау дегенді білдіреді. Негізінен, бұл философия компаниялар мен ірі өнеркәсіптерге бағытталған, бірақ оның принциптері әрбір жеке тұлға үшін жақсы жұмыс істейді. Сонымен, кайдзен арқылы қалай өнімді жұмыс жасауға болады?
- Кішігірім мақсаттар қою. «ҰБТ-дан 140 балл аламын» деген мақсат әрине, жақсы. Бірақ, бұл бір қол жетпес арман секілді көрінуі мүмкін. Сондықтан, нәтиже болу үшін «Мен грантқа жететін балл жинаймын» немесе «Таңдау пәнімнен максималды балл жинауға тырысамын» сынды мақсаттар қойған абзалырақ.
- Кішігірім сұрақтар қою. «Күн сайын ҰБТ-ға дайындаламын» деген нұсқаулықтар жақсы жұмыс жасай бермейді. Оның орнына өзіңізге «Мен егер ҰБТ-ға үздіксіз дайындалсам, болашағым қандай болады?», «Бүгін тест талдауға маған не кедергі?» «Тестке дайындыққа бар назарды бұру үшін не істесем болады?» сынды миды қозғар сұрақтар қойыңыз.
- Кішігірім қадамдар жасаңыз. Егер сіз күніне 5-6 сағат ҰБТ-ға арнаймын десеңіз не болмаса бір күнде 5 нұсқа талдаймын деп мақсат қойсаңыз, мұның орындалмауы мүмкін. Ең алдымен ҰБТ-ға 1-2 сағат дайындық бөлудің өзі – үлкен күш. Яғни, аз-аздап, үздіксіз дайындалсаңыз, жетістікке жету ықтималдылығы жоғары. Кішігірім қадамдар – үлкен белестердің кілті.
- Қоқыстарды тазартыңыз. Қажет емес қағаздан бастап санаңыздағы қоқыстардан да құтылыңыз. Уақытыңызды ысырап ететін дүниелерден бас тартуға тырысыңыз.
- Жұмыс орныңыз таза болсын. Бұл сізді тәртіпке, жұмыс жасауға, ойды ретке келтіруге көмектеседі.
6. Күн сайын жақсарыңыз. Кайдзеннің негізгі идеясы - өзгерістер күн сайын болуы керек. Әдеттегіден 10 сұрақ көп жаттау, кітаптың бірнеше бетін оқу, күндегіден бір нұсқа артық талдау, телефонда кешегіден 5 минутқа аз отыру - мұның бәрі маңызды және соңында бұлар жақсы нәтижеге әкеледі.