Мамандықты дұрыс таңдау туралы айтудан еш жалықпаймыз. Өйткені бұл 11-сынып оқушылары үшін өте өзекті мәселе. Университетте 4 жыл бойы оқып, уақытын зая кетіріп, “бұл менің салам емес” деп тастап кететіндер көп. Әрине, бұдан кейін өмір бітіп қалмайды. Дегенмен, жаңа мамандықты меңгеруді ескерсек, 8-10 жыл уақытын өтіп кетеді. Сонымен, бұл қателіктерді жасамас үшін не істеу керек?
1.Мамандықты грант үшін таңдама. Көп оқушы болашағы туралы қатты ойланбайды. Олардың арманы және бар ойы - ата-ана үмітін ақтап, грантқа түсу. Әсіресе, грант өте көп бөлінген мамандықтарды таңдайды. Бұны қате демеймін. Дегенмен, мамандықты ойланып, өзіңнің қабілеттеріңе сай болуымен таңдаған абзалырақ. Мысалы, ФИЗМАТТЫ таңдаған түлектер +50 баллмен грантқа түседі. Ал, журналистикаға +120 баллмен түсудің өзі ек талай. Осы кезде оқушы оқуға түспей қалу деген ойдың артында кетіп, физматты таңдауы мүмкін. Жүрегі журналистика деп соққан оқушы одан аз баллмен грантқа түсу мүмкіндігі үшін бас тартады. Кейін өзі сүймеген, қаламаған маман иесі атанады немесе мүлдем бәрін тастап кетеді.
Ата-анаңның таңдауы сенікінен жоғары емес. Ата-ана - балалары үшін алаңдайтын жандар. Олар үшін біздің болашағымыз маңызды. Әрқайсысы баласының жақсы маман иесі болып, грантқа түскенін әрі жақсы өмір сүргенін қалайды. Осы тұста өз ойлары арқылы баласын басқа бағытқа да жіберуі мүмкін. Ата-ана баласына жамандық тілемейді. Дегенмен, жүрегіңді тыңдамай, ата-анаңды тыңдау, олардың таңдаған мамандығында оқу опық жегізуі мүмкін. Кейбір ата-аналар өздері кезінде түсе алмаған мамандықты балалары оқығанын, оның арманын баласы орындаған қалайды. Бірақ әр адамның арманы, ойы, пікірі - жеке дара. Сондықтан өзің сүйген, өзің қалаған мамандыққа түс.
Ақша немесе махаббат? Мамандық таңдау - өте күрделі іс. Көп оқушы ізденіп, мамандық туралы зерттейді. Олардың көп бөлігі “жалақасы жақсысын” таңдайды. Әрине, бұл дұрыс. Бірақ болашақта көп ақша табу үшін жаның қиналып, өкінуің әбден мүмкін. Жан қалауы - бәрінен үстем.
Досым, армандардан бас тартпа. Өз идеяңның, ойыңның фанаты бол! Дұрыс мамандық таңдау - болашаққа жасалған ең үлкен қадам.