Физика пәні тек қызық ғана емес, өте қиын. Бірінші тақырыптан түсінбесең, әрі қарай алып кету оңай болмайды. Көп оқушы физикадан қалай дайындық жасау керегінен бейхабар. Осының кесірінен дайындыққа жұмсаған ресурсы босқа кетіп, ҰБТ-дан аз балл жинайды. Мұндай қателікті жібергің келмесе, мақаланы соңына дейін оқы!
Дайындықты бастамас бұрын физикадан оқулықтарды дайында. Яғни, ҰБТ сұрақтар алынған кітаптар керек. Оны қайдан алам десең, телеграм каналымызға жүктеп қойдық. 7-11 сыныптың кітабын бастан аяқ меңгеруің қажет. Құр жаттама, түсініп оқы.
Қазірден бастасаң, оқу жылының соңына дейін барлық сыныптың мектеп оқулықтарын толықтай меңгеріп шығуға уақыт жеткілікті.
ҰБТ-да жоғары балл жинау үшін мектеп оқулықтарын меңгеріп шығу жеткіліксіз.
Кейде кітапта жоқ теориялық тапсырмалар келіп жатады. Сол себептен қосымша кітаптармен жұмыс істе.
Өкінішке қарай теориялық білім бойынша қазақша кітаптар жоқтың қасы. Егер орыс тілін жетік білсең, «Е.Бутиков, А.Быков, А.Кондратьев - Физика для поступающих в вузы» деген кітабын тауып, оқуыңа болады.
Теориялық бөлімді меңгергеннен кейін практикалық тапсырмаларға көшеміз. Басты ереже: ешқашан формула жаттама! Есепті шығарудың кілті формула мен теорияны үйлестіруде.
Есеп шығаруды үйрену үшін мектеп оқулықтары, байқау сынағы тесті мен ҰБТ базасы жеткілікті. Ең алдымен оңай есептерді шығар. Ақырындап, күрделендіре түс. Псс, интернеттен көшірме. Миыңды ауыртып, қозғап, өзің шығарып, үйрен!
ҰБТ есептеріне дайындалуға арналған кітаптар:
● А.П.Рымкевич — Физика. Сборник задач. 9-11 класс;
● Г.Н.Степанова — Сборник задач по физике;
● А.В.Перышкин — Сборник задач по физике. 7-9 класс.
Көптеген күрделі есептердің шығару жолдарын Касаткинаның «Репетитор по физике» кітабынан қарауыңа болады.
Досым, білесің бе, ең қиыны - оқу, шаршау, құлау емес. Ең қиыны - бастау! Біз ұсынған кеңестерді пайдаңа жаратып, физикадан 50 балл жина!