Сабақ тақырыбы: Қазақстандық географтардың зерттеулері
Оқу мақсаттары:
- География ғылымының дамуына үлес қосқан қазақстандықтардың зерттеулері туралы баяндайды
Қазақстан табиғатын зерттеу ежелден бастау алып, көптеген зерттеушілер өз үлестерін қосты. Біз бүгінгі сабақта Қазақстан аумағын зерттеу мәселесімен айналысқан отандық ғалымдармен танысамыз.
Шоқан Шыңғысұлы Уалиханов - Қазақстан табиғатының зерттелу тарихында география, этнография, шығыстану саласы бойынша маңызды еңбек атқарған саяхатшы ғалым.
1855 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторы Г.Х. Гасфорттың Сарыарқа мен Жетісуға жасаған саяхатына қатысты.
1856-1857 жылдары Тянь-Шань мен Қашқарияға ұйымдастырылған ғылыми-әскери экспедиция құрамында болды. Шоқанның Қашқарияға жасаған саяхаты Тянь-Шань тауының ішкі бөліктерімен және оның табиғат жағдайларының алуан түрлілігімен танысуға мүмкіндік берді.
Шоқанның саяхаттарының нәтижелері «Шаман дінінің қазақ арасындағы қалдықтары», «Қырғыздар туралы қолжазбалар», «Қазақтың ертедегі қару-жарақтары», «Жоңғария очерктері», «Алтышаһардың хал-жайы», «Сібір тарихтан хаттар»,«Құлжа күнделіктері» т.б. еңбектеріне енгізілді. Орыс география қоғамының құрамында болып қазақстан мен Орта Азияның геограхиялық және этнографиялық зерттелуіне мол үлес қосты. 1857 жылы Орыс география қоғамының толық әрі ең жас мүшесі болып сайланды.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев - Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті, геология-минерология ғылымдарының докторы.
Ол ХХ ғасырдың екінші жартысында геоглогия, тектоника саласын зерттеген,кентану мектебінің негізін қалаған.Орталық қазақстандағы мыс, қорғасын,мырыш, сирек металдар, темір және таскөмір кен орындарын зерттеді. Жезқазған, Қарсақбай, Атбасар, Спасск аудандары, Қарағанды тас көмір алабы және Қаратау полиметалл кендері жөнінде ғылыми маңызды еңбектер жариялаған.Жезқазған – Ұлытау ауданында мыстан басқа темір, марганец, көмір, қорғасын кендерін ашып, барлау нәтижесінде маңызды геологиялық қорытындылар жасаған. Жезқазған кенін зерттеу және Орталық Қазақстанның (Сарыарқаның) металлогендік және болжам картасын жасауда көп еңбек сіңірген.
Ол ғылымға формациялық металлогендік анализдің кешендік әдісін енгізген. 1926-1929 жылдары кені мардымсыз өңір болып саналған Жезқазғанды ірі мыс кентасты аудан қатарына көтеруде Сәтбаевтың еңбегі өте зор болды.
Пальгов Николай Никитич - географ, гляциолог, Қазақ КСР ҒА академигі.
Оның зерттеу нысаны - қазіргі таңда кең танылған, әбден зерттелген Алматы маңындағы Тұйықсу мұздығы. Одан кейінгі уақытта Үлкен Алматы, Шелек өзендерінің жоғарғы жанындағы мұздықтарда және Іле Алатауы мұздықтарында әртүрлі аспаптармен зерттеу әдістері арқылы бақылау жүргізіп, бұрын - соңды белгісіз болған ірі мұздану түйіндерін ашты. Оңтүстік Тянь - Шаньдағы Көкшалтау мен Теріскей Алатауы жоталарындағы мұздықтарға сипаттама жасады. Нәтижесінде бірнеше мақаласы мен "Іле Алатауының қазіргі мұздануы" монографиясы жарық көрді.
Іле Алатауы мұздықтарын зерттеудегі еңбектерінің нәтижесінде 1956 жылы Н.Н.Пальгов басқарған Қазақстан ҒА-ның География секторы - гляциология саласы бойынша Халықаралық геофизикалық жыл үздігі болды.Экспедициялық тәжірибесі мол ғалым мұздықтар динамикасының метеорологиялық факторларға тәуелділігін анықтады. Сонымен қатар Қазақстанды елтану бағытында қарастырып, өзендер мен көлдерін зерттеді. Көптеген ғылыми қоғамдардың мүшесі болды, соның ішінде Ұлыбританиядағы Гляциология қоғамы да бар. Н.Н.Пальговтың сіңірген еңбегі мен қызметі ескеріліп, Іле Алатауы және Полярлық Орал жоталарындағы мұздықтарға аты берілді.
Горбунов Алдар Петрович - география ғылымының докторы, профессор. 1968 - 1971 жылдары Қазақ гидрометеорологиялық ғылыми-зерттеу институтының гляциалдық селдер секторын, 1971 - 1990 жылдары КСРО Сібір ҒА бөлімшесі мұздықтарды зерттеу институтының қазақстандық геокриологиялық лабораториясын басқарды. А.П.Горбуновтың негізгі ғылыми жұмыстары биік таулы тоң, мұздық, селдерді зерттеуге арналған. Ол - биік таулы аудандар геокриологиясының негізін қалаушы. Зерттеу мақсатымен Тянь - Шаньда, Памирде және Жетісу Алатауында, Алтай тауында, Байкал сыртында, Камчаткада, Кола түбегінде, Скандинавияда, Моңғолияда және Қытайда, Кавказда, Альпіде, Анд тауларында , Экваторлық және Солтүстік Африкада сапарда болған.
Мұқатай Жандайұлы Жандаев - қазақстандағы география ғылымының дамуымен және геоморфологиялық зерттеулерге мол үлесін қосты. М.Ж. Жандаев өзен аңғарын флювиалды геоморфологиялық жүйе ретінде қарастыра отырып, таулы аудандардағы өзен аңғарының қалыптасуы туралы негіздемелер жасаған. Өзен аңғарларының қалыптасу моделін құрған. Жүргізілген зерттеулері нәтижесінде М.Ж. Жандаев екі маңызды заңдылықты негіздеді: Өзен суайрықтарын кесіп, жоғары жақтағы өзенді қосып алу мүмкін емес. Өзен суайрықтары біршама тұрақты, оған ежелгі пенеплен қалдықтарының, жыныситардың және жер бедерінің қыратты пішіндері жапсарласуы дәлел болады.
Бейсенова Әлия Сәрсенқызы- көрнекті географ-эколог ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, география ғылымының докторы, профессор. Қазақстанның физикалық географиясы, экологиясы , дүние жүзінің экономикалық-әлеуметтік географиясы бойынша жалпы білім беретін мектептер мен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың, монографиялардың, ғылыми зерттеу еңбектернің авторы. Ш. Уалихановтың географиялық мұрасын зерттеудегі еңбегі ғылым саласында жоғары бағаланды.
Уфа Меңдібайұлы Ахмедсафин- Қазақ КСР Ғылым академиясының гидрогеология және гидрофизика институтының негізін қалаушы, академик. У.М. Ахмедсафинның ғылыми-теориялық ізденістері нәтижесінде Орталық Азияның құрғақ аймақтарындағы артезиан, грунт суларының қалыптасуы және орналасуының негізгі заңдылықтары айқындалды. Халықты және шаруашылық салаларын сумен қамтудың мүмкіндіктерін қарастырған гидрогеологиялық карта мен су ресурстарының аймақтық бағалаудың маңызды принциптері мен әдістерін ұсынды.
ХХ ғасырдың екінші жартысында геология, тектоника, кентану салаларында монографиялар мен геологиялық мазмұндағы карталар құрастырған ірі ғалымдар қатарына Н.Г. Кассинді, Ш.Е. Есеновті; гидрогеолог В.В. Веселовті; Геморфологиялық зерттеулер жүргізген Г.Ц Медоевті, климатология мен гидрология мәселелерімен айналысқан М.Х. Байдалы және т.б ғалымдарды атап өтуге болады.