Сабақ тақырыбы: Адам өміріндегі ғылымның рөлі
Оқу мақсаттары: Ғылым түсінігімен танысу және Ғылым құрылымы мен міндеттерін анықтау
Ең алғашқы адамдар өздерін қоршаған орта жайлы білімдерді жинай бастады. Адамзаттың даму жағдайына қарай бұл білімдер арта берді. Адамдар қоршаған ортаның құпияларына тереңдей енуге талпынды. Уақыт өте келе жекелеген ғылымдар пайда болып, дамыды. Олардың бірі – табиғатты, келесілері – экономиканы, үшіншілері – тарихты немесе мәдениетті зерттеді. Кейінірек ғылым ой еңбегін дене еңбегінен бөлді. Дәл осы әлеуметтік даму түрткіжайты арқасында адамзат қызметінің ерекше түрі – ғылыми таным қалыптаса бастады.
Ғылым – адамзат қызметінің бір түрі. Оның негізгі міндеті – әлем туралы білімді дамыту және оны жүйелеу.
Ғылым – әлемді танып-білу тәсілі. Ежелгі адам тас пен сүйектен алғашқы еңбек құралын жасағанда, от жағуды үйренгенде, қарапайым баспана жасап, тасқа қашап сурет салған кезде тарих ғылымы дүниеге келді. Жазудың пайда болуымен білім жинақтала бастады. Адам өмірлік әрекеті барысында жазудың көмегімен қоршаған орта жайлы білімін өзгелерге тарата бастады. Кейін адам жануар мен өсімдіктер, жұлдыздар мен Ай, арба мен баспанасы туралы маңызды деректерді жазып қалдыруынан биология, астрономия, физика және сәулет өнері, медицина мен математика ғылымдары пайда болды.
XVII ғасырдан кейін ғылымның қазіргі түрлері айқындала бастады. Ғылым дамуының негізгі қозғалтқыш күші ғылыми және өндірістік революциялар болды. Мысалы, XVIII ғасырда бу қозғалтқышының жасалуы ғылымның дамуына күшті серпін беріп, ол өз кезегінде бірінші ғылыми-техникалық революцияның жүзеге асуын қамтамасыз етті.
Тұтас ғылым жүйесін құрайтын ғылыми пәндерді шартты түрде жаратылыстану, әлеуметтік және техникалық ғылым деп үлкен үш топқа бөлуге болады.
Ғылым атқаратын функциялары:
1) түсіндіру – табиғат объектілері мен табиғат құбылыстарының мәнін ашып, түсіндіру;
2) жүйелеу – жиналған фактілік материалдарды сурыптап, бір жүйеге енгізу;
3) суреттеу – қоршаған жағдайдың байланыстары мен қасиеттерін сипаттап көрсету;
4) болжам жасау – дәл қазіргі кезде жүріп жатқан процестердің даму дәрежесін есепке ала отырып, болашаққа болжам жасау;
5) қорытынды жасау – табиғаттағы болып еткен, қазіргі кезде жүріп жатқан және болашақта күтілетін процестерді есепке ала отырып, ғылыми негізде қорытынды жасау;
6) жаңалық ашу – табиғаттың жаңа заңдарын ашу, жаңа ғылыми гипотезалар шығару;
7) өндірістік-тәжірибелік бағыт беру – алған білімді өндірісте, әлеуметтік басқаруда және тағы басқа салаларда қолдану мүмкіндігі;
8) дүниетанымдық – алған білімді әлемнің обьективті картинасымен байланыстыру.
Ғылым міндеттері – танымдық, білімдік, мәдени, тәжірибелік. Ғылымның негізгі ерекшелігі құбылыстар мен үдерістердің даму заңдылықтарын, зерттеліп жатқан құбылыстардың мәнін ашатынын айта кеткен жөн. «Не?» деген сұраққа жауап берумен қатар «Неліктен?» сұрағына жауап іздеумен айналысады.
Танымдық міндет негізгісі болып саналады. Оның мәні табиғатты, адам мен тқоғамды тұтас қарастыру. Осы қызметінің арқасында адамды әлемді танып, зертеп біледі.
Білімдік және мәдени міндеттер негізінен ғылым адамдар мен білім берудің мәдени дамуындағы басты фактор екендігін білдіреді.
Ғылымның тәжірибелік міндеті. Еңбек құралы мен технологиясы ғылыми білімді қолданудың нәтижесі болып табылады. Өндірісті басқару – білімді тәжірибеде қолданудың нәтижесі.