Төменгі және жоғарғы сатыдағы өсімдіктер. Өсімдіктің қандай даму кезеңдері болады? Өсімдікке гүл не үшін қажет? Тұқым қалай түзіледі?
Сабақ тақырыбы: Төменгі және жоғарғы сатыдағы өсімдіктер. Өсімдіктің қандай даму кезеңдері болады? Өсімдікке гүл не үшін қажет? Тұқым қалай түзіледі?
Оқу мақсаттары:
1. Төменгі және жоғарғы өсімдіктерді ажырата білу.
2. Өсімдіктердің даму кезеңдерімен танысу.
3. Гүл құрылысымен танысу.
4. Тозаңдану үдерісінің өсімдікке не үшін қажет екендігін түсіну.
Өсімдіктер төменгі сатыдағы және жоғарғы сатыдағы деп бөлінеді. Төменгі сатыдағы өсімдіктердің мүшелері болмайды. Олар сулы ортада тіршілік етуге бейімделген. Бұл топтағы өсімдіктерге балдырлар жатады.
Жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің мүшелері толық жетіледі. Олардың тамыры, сабағы, жапырағы, гүлі мен жемісі болады. Мысалы, қарағай, арша, терек, итмұрын жоғарғы сатыдағы өсімдіктерге жатады. Мүк көбіне ылғалды ортада тіршілік етеді. Олардың тамыры болмаса да, жоғарғы сатыдағы өсімдікке жатады.
Балдыр – төменгі сатыдағы су өсімдігі. Балдырдың өсімдікке тән мүшелері жоқ. Оның денесі қатпаршақтан тұрады. Қатпаршақ қоректену, тыныс алу, бөліп шығару, даму, өсу, көбею сияқты тіршілік әрекеттерін орындайды.
Балдырлар – оттек көзі. Балдырлардың көпшілігінде хлорофилл болады, сондықтан оларда фотосинтез үдерісі жүріп, оттек бөлінеді. Жер бетіндегі барлық өсімдіктер бөлетін оттектің шамамен жартысын осы балдырлар бөліп шығарады.
Жасыл балдырлар табиғатта жиі таралған, негізінен тұщы суда тіршілік етеді. Теңіз бен мұхиттарда қызыл, қоңыр балдырлар кездеседі. Жеуге жарайтын балдырлар минералды заттарға, әсіресе, йодқа бай. Қоңыр балдырды (ламинария) « теңіз орамжапырағы» деп, ал жасыл балдырды (ульва ) «теңіз салаты» деп атайды. Оларды тағамға пайдаланады.
Балдырдың медицинада, тамақ және мата өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы үшін маңызы зор. Ауыл шаруашылығында табиғи тыңайтқыш, малға жем ретінде де пайдаланылады. Суқойма түбіндегі балдыр қалдығынан емдік қасиеті бар балшық түзіледі. Кейбір балдырлардан қағаз да өндіріледі.
Өсімдіктің тіршілігі тұқымның өнуінен басталады. Топыраққа түскен тұқым бірнеше күннен соң ылғалдың әсерінен ісініп, қабығын ашады. Оның ішінен алдымен тамыр шығып, тереңге бойлайды. Бұған дейін өз қорек затымен қоректенген тұқым енді тамыр арқылы топырақтан қорек ала бастайды. Сонан кейін сабақ пайда болады. Сабақтың бойында қылтиып бір-екі жапырақ шығады. Осы кішкентай өсімдік «өскін» деп аталады. Одан кейін гүл мен жеміс жетіледі. Жемісте қайтадан тұқым қалыптасады.
Өсімдіктердің көпшілігі тұқымнан өсіп, қайтадан тұқым түзеді. Қайталанып отыратын үдеріс өсімдіктің тіршілік циклі деп аталады.
Өсімдіктердің кейбірі белгілі бір тіршілік кезеңінде гүл түзеді. Гүл бірнеше бөліктен тұрады. Гүлді сыртынан жасыл түсті тостағанша жапырақшалар қоршайды. Олар гүлдің ішкі бөліктерін қорғайды. Тостағанша жапырақшалардың ішкі жағында түрлі түсті күлте жапырақшалар орналасады. Күлте жапырақшалардың ортасында тозаңқаптар мен жатын болады. Жатында жеміс пайда болады. Жемістің ішінде тұқым дамиды.
Кейбір гүлдер жер қойнауындағы пайдалы қазбаларды табуға көмектеседі. Мысалы, адонис гүлі әктас мол жерде жайқалып өседі.
Өсімдік тіршілігіндегі маңызды үдерістің бірі – тозаңдану. Гүлдің тозаңы тозаңқаптың ішінде жетіледі. Ол жетілген кезде тозаңқап ашылады да, тозаң сыртқа шашылады. Шашылған тозаң гүлдің ортасында орналасқан жатынға түседі. Тозаңның жатынға түсуін өсімдіктің тозаңдануы дейді. Тозаңдану жүргеннен кейін өсімдік гүлінің ортасында жеміс дамиды және тұқым түзіледі.
Өсімдіктің тозаңдануына түрлі бунақденелілер, тіпті жел мен су қатысады. Кейде қоршаған ортаның қолайсыз әсері өсімдіктің тозаңдануына кедергі келтіреді. Мысалы, бедені түкті ара мен балара ғана тозаңдандырады.