Сабақ тақырыбы: География нені зерттейді?
Оқу мақсаттары: Географиялық зерттеудің нысандарын анықтау
Қазіргі ғылым – жаратылыстанушылық, қоғамдық-гуманитарлық және техникалық болып үш үлкен топқа бөлінеді. Біз қарастыратын ғылым саласы – жаратылыстанушылық топқа жататын география.
География ежелгі грек тілінен «жерді сипаттау» деп аударылды, гео – жер, графо – жазамын. Бұл терминді бірінші (б.з.д ІІІ ғ.) болып ежелгі грек ғалымы Эратосфен енгізді.
Анықтама. География – жердің қойнауларын, жер бедері мен климатты, мұхиттар мен теңіздерді, топырақтарды, өсімдіктер мен жануарлар әлемінің таралу, халықтың қоныстану заңдылықтарын, дүниежүзі шаруашылығын зерттейтін Жер туралы ғылымдар кешені.
Географияның басты зерттеу нысандары – жердің геосфералары (литосфера, атмосфера, гидросфера, биосфера) мен геожүйелері (ландшафттар, табиғи-аумақтық кешендер, шаруашылық және басқалар). Зерттеу нысандарын жүйелей келе, география ғылымы екі салаға бөлінеді: физикалық география және әлеуметтік-экономикалық география. Физикалық география – географиялық қабықты зерттесе, әлеуметтік-экономикалық география географиялық ортаны зерттейді.
Жер бетіндегі әрбір нысанның өз мекенжайы бар. Географ-мамандар оны географиялық орын деп атайды және жан-жақты сипаттайды. Мәселен: Қарасай батыр ауылы Қазақстан Республикасы Жамбыл облысының Қордай ауданында орналасқан. Географиялық координаттары: 42°50ˈ12ʺ с.е. 75°41ˈ27ʺ ш.б. Жамбыл облысы – Оңтүстік Қазақстанның бір бөлігі. Қазақстан – Азияда орналасқан ел. Азия – материктің үлкен бөлігі Еуразияның шығыс бөлігі. Жер ғаламшары – Күннен алшақ жатқан Күн жүйесіндегі үшінші ғаламшар.
Географ-мамандардың зерттеу нысанының бірі – «табиғат-адам-шаруашылық» байланысы. Табиғатта және адамзаттың қызмет саласында ешбір нысан өзге нысаннан бөлек дамымайды. Ол қандай да бір жолмен басқаларымен тығыз байланыста болады.
Анықтама. География Жердің литосфера, атмосфера, гидросфера және биосфера деген компоненттері өзара әрекеттесе отырып, біріккен өнім құратын табиғат бөлігін зерттейді және Жердің бұл бөлігі – географиялық қабық деп аталады.
Географтардың маңызды міндеті – географиялық қабық шегін анықтау. Оны қалай анықтауға болады? Төмендегі суреттен жер бетінің төменгі шегі литосфера екенін көруге болады. Онда гидросфера орналасқан. Гидросфера бөліктерінің ең үлкен тереңдігі мұхитқа тиесілі яғни, литосфера мен гидросфера бір-бірімен байланысты.
Литосфераныңы үстіндегі мұхит жоқ бөліктерінде де бәрібір атмосфералық ауа мен тау жыныстары, жерасты сулары өзара әрекеттесіп отырады. Атмосфера - географиялық қабықтың ең жоғарғы бөлігі. Ол литосферамен өзара байланысады, өйткені оны жердің тарту күші ұстап тұрады, газдар мен жанартаудың лақтырындылары оған енеді. Атмосфера гидросферамен де байланысты, өйткені дымқыл буға айналып, белгілі бір биіктікке дейін көтеріледі де, бұлт түзіп, тамшыға айналады. Атмосферада биосфераға жататын микроорганизмдер де бар. Бұл атмосфераның биосферамен байланысы бар екендігінің дәлелі. Осыдан шығатын қорытынды: географиялық қабықтың төменгі шегі – литосфераның сумен және ауамен өзара әрекеттеспейтін жері болса, географиялық қабықтың жоғарғы шегі – организмдердің таралу шегі.
Анықтама. Географиялық қабықтың адам өз тіршілігі мен шаруашылығы үшін қолданылатын және адам әрекетінің әсерінен түзілетін бөлігі географиялық орта деп аталады.
Қорыта келе, бұл тақырып барысында географияның көптеген нысандарды зерттейтінін анықтадық: климат, топырақ, жер бедері, өсімдік және жануарлар әлемі, географиялық орын, халық және шаруашылық, дүниежүзі елдері.