Қазіргі заманда бәріміз дәріге тәуелдіміз. Бір жеріміз ауырса, бірден дәрінің көмегіне сүйенеміз. Ал, осы дәріні жасайтындар кімдер? Сататындар ше?
Фармацевт мамандарының арқасында біз дәрі-дәрмектерді аламыз, олардың еңбегі - біздің өмірімізді сақтап қалатын күштің бірі. Осы саланың мамандары - әрбір өркениетті елдің денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бөлігі.
Фармацевт десек, көз алдымызға бірден дәрі елестейді. Бірақ олар тек дәрі-дәрмек сатады деп ойлау қате. Өйткені фармацевт міндеттерінің ауқымы және мүмкіндіктері өте кең. Фармацевт әртүрлі препараттарды жақсы біледі, ұқсас дәріні таңдайды, қажетті дәрілік форманы шығарады, тіпті жаңа препараттарды жасауға қатыса алады. Фармацевт дәрілік заттарға арналған құжаттамамен: рецептпен, химиялық формулалармен, қоймаға дәрілік заттарды жеткізу құжаттарымен жұмыс жасайды. Ол әрбір дәрінің құрамын, оны қалай қолдану керектігін, препараттың қандай жанама әсерлері мен қарсы көрсетілімдері барын білуі керек – бір сөзбен айтқанда, фармацевттің басында аннотациялардың толық базасы бар.
Фармацевт күнделікті көптеген әртүрлі адамдармен қарым-қатынас жасайды. Олардың әрқайсысы үшін ерекше тәсілді табу маңызды. Сондықтан эмпатия, ашықтық, түсіністік, ізгілік және көмекке ұмтылу сияқты қасиеттер болашақ маманның жұмысында қажет болатыны сөзсіз.
Қазіргі күні бұл мамандық өте сұраныста десек болады. ҰБТ-ға биология, химия пәндерін таңдаған, бірақ әлі мамандығын айқындамаған оқушыларға осы саланы ұсынамыз . Бірақ фармация мамандық тобына былтыр шекті балл 121 болған екен. Кіл мықты да, кім мықты, сол фармацевт болады. Бәлкім, оқырманым, сен осы саланың болашақ маманы шығарсың?